Іс-шаралар

«Бүгінгі жетістік – кешегі қиялдың жемісі!». Sun study оқу орталығында депутат Дәулет Мұқаевпен кездесу өтті

«Бүгінгі жетістік – кешегі қиялдың жемісі!». Sun study оқу орталығында депутат Дәулет Мұқаевпен кездесу өтті

Жақында Sun Study балаларды дамыту орталығында белгілі экономист, журналист, ҚР Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевпен кездесу өтті. Еркін форматта өткен кездесуде ата-аналар мен оқушылар түрлі тақырыпта сауалдар қойып, пайдалы ақпарат алды.

Депутат Дәулет Мұқаев кездесуде өз балалық шағына саяхат жасай отырып әңгіме бастады.

«Бала кішкентай кезінде түрлі-түрлі сауал қояды. Мен де бала күнімде көп нәрсеге қызығып, жауап іздеп, түрлі сауалдар қоя беретінмін. Менің анам ерінбей-жалықпай бәріне жауап беретін. Қанша көп сауал қойсам да бір жоқ демейтін. Осы күні балаларымыз көп сұрақ қойса, «тыныш отыршы» деп бетін қайтарамыз. Бұл дұрыс емес екен. Салдарынан қиялы шектеулі ұрпақ өсіп келеді. Бұрын үлкендер балаларға жиі ертегі айтып беретін. Қазір ертегі айтатындар да сиреді. Ертегі баланың қиялын дамытады. Бала кезде адамның ойы, қиялы жүйрік болады. Өсе келе шектеле бастайды. Мысалы, Илон Маск кішкентайында «Мен адамдарды Марсқа көшіремін» дегенде анасы оны қолдап, «Иә, балам, сенің қолыңнан келеді!» деп қолдаған екен. Нәтижесінде, Илон Маск адам санасына кіріп-шықпайтын алпауыт компанияларды өмірге алып келді. Бүгінгі дамыған инновациялық технологиялар – кешегі қиялымыздың нәтижесі» — дейді Дәулет Төлеутайұлы.

Өз кезегінде Дәулет Төлеутайұлы жас балаларға да өз ақыл-кеңесін айтты.

«Әлі мектепке де бармайтын бала қоғамға қалай қызмет ете алады?» деп бастады ол әңгімесін. «Қарапайым ғана қоқысты көтеру қоғамға қызметтің бір көрінісі. Отбасында баланың ата-анаға жәрдемдесуі де ұлтты сүюдің жарқын мысалы» деп тәлім-тәрбиелік әңгімесінен аз-кем сыр шертті.

Кездесу барысында оқу орталығының оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, қошаметке бөленді. Мысалы, 7 сынып оқушысы Нұрасыл Наурызбай өз шығармашылығынан өлеңдер оқып, күйден шашу шашты. Орталығымыздың ата-анасы Мөлдір Төлегенқызы да өнерден осал емес екенін көрсетіп, авторлық балаларға арналған ұлттық нақыштағы есептеу құралдарымен таныстырды.

Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген идеясынан бастау алған орталық бүгінде 120 баланы қамтып отыр. Өнер-білім, спорт бағытында бас-аяғы оннан аса үйірме жұмыс жасап жатқан оқу орталығының жұмысына Дәулет Төлеутайұлы жоғары баға беріп, ізгі тілектерін арнады.

Бұл кездесу оқушылардың естелігінде ұмытылмас жарқын сәттер болып сақталарына сенеміз.

Пікір жазу